Кардиохирургия курсы

Кардиохирургия курсы 2010 жылғы мамыр айында «Хирургия» кафедрасының құрамында ұйымдастырылды.

Курсты медицина ғылымдарының докторы, профессор, жүрек-қан тамырлары хирургиясы бойынша жоғары санатты хирург Егембердиев Төлеген Жаңылбекұлы басқарады. Ғылыми-тәжірибелік жұмыс өтілі —  38 жыл.

Т.Ж.Егембердиев көп жылдардан бері жүрек-қан тамырлары хирургиясының өзекті мәселелеріне арналған бүкілодақтық және республикалық ғылыми тақырыптардың жетекшісі және жауапты атқарушысы болып жұмыс атқарып келеді. Ол жүрекке, қолқаға, магистралдық артерия мен көк тамырға жасалатын реконструктивтік операциялардың жаңа түрлерін ойлап табу және оны тәжірибеге ендіру жұмыстарына белсенді түрде қатысты.

Т.Ж.Егембердиевтің көп жылдық ғылыми еңбектері ресейлік танымал ғалым-академик Б.А.Константинов, профессорлар С.Л.Дземешкевич, Ю.В.Белов, И.А.Сычеников, В.А.Козлов, А.И.Ивановтармен бірге Б.В.Петровский атындағы Ресей хирургия ғылыми орталығы мен И.М.Сеченов атындағы медицина академиясында (Мәскеу қаласы) жүргізілетін жүрек-қан тамырлары хирургиясы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен (жүрек және қан тамырларының жасанды клапандарын жасау) тығыз байланысты.

Т.Ж.Егембердиев ұсынған қан тамырлардың жаңа типтегі биопротезі 1979 жылдан бастап  қолқа және магистралдық артерия ауруларын хирургиялық жолмен емдеу, сонымен бірге бүйректің аллотрансплантациясы кезінде тек қана Қазақстанда ғана емес одан тысқары жерлерде де кеңінен қолданылып келеді.

Т.Ж.Егембердиев – Республикалық қан тамырлары хирургиясы орталығының, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтау, Атырау қалаларындағы облыстық қан тамырлары хирургиясы орталықтарының құрылуына және Жамбыл облыстық қан тамырлары хирургиясы орталығының қалыптасуына, сонымен бірге аталған орталықтардың ангохирург мамандарын операция үстінде оқыта отырып, даярлау жұмыстарына көп еңбегін сіңірді.

Т.Ж.Егембердиев – көрнекті ғалым, адал ниетті тәлімгер. Жүрек-қан тамырлары хирургиясы саласындағы дәрігер-хирургтар мен жас ғалымдарды тәрбиелеу ісінде атқарып отырған еңбегі зор.

Ол А.Н.Сызғанов атындағы «Жүрек-қан тамырлары хирургиясы» Ұлттық ғылыми хирургия орталығы жанындағы «Хирургия» және «Жүрек-қан тамырлары хирургиясы» мамандықтары бойынша медицина ғылымдарының докторы ғылыми атағын беру жөніндегі Республикалық мамандандырылған Ғылыми кеңестің (Д.09.07.01) мүшесі. 2002 жылдан бері С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде профессор қызметін атқарып келеді. Т.Ж.Егембердиев – жоғары санатты хирург-дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздігі (1992 ж.), Ресей жүрек-қан тамырлары хирургтары (1992 ж.) және ангиологтары мен қан тамырлары хирургтары одақтарының (1994 ж.), Орта Азия және Қазақстан жүрек-қан тамырлары хирургтары, (2003 ж.), Қазақстан флебологтары ассоциацияларының (2006 ж.) мүшесі.

Профессор Т.Ж.Егембердиев халықаралық және республикалық медициналық басылымдарда жарияланған 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. 5 өнертабысқа алынған патенттердің және авторлық куәліктің иегері.

Айтмұханов Әділ Айтжанұлы – жоғары санатты кардиохирург. Жүректің ишемиялық аурулары кезіндегі миокарданың хирургиялық реваскуляризациясы бойынша жасалатын шараларды (қолқа мен маммакоронарлық шунттау операциялары) Алматы қалаласының қалалық клиникалық ауруханасы мен Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медицина орталығының тәжірибелік хирургиясына ендірді және аталған шараларға белсенді түрде қатысады. Алматы қаласының емдеу мекемелерінде диагностикалық және кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы қалалық клиникалық аурухананың кардиохирургия бөлімшесін басқарады.

Сахов Оразбек Срайылұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты рентгендік-эндоваскулярлық хирург. Қолқа және магистралдық артерия аурулары кезіндегі рентгендік-эндоваскулярлық шараларды жасау жұмысы бойынша мол тәжірибеге ие. Трансфеморалдық және трансрадиалдық әдістер арқылы коронарлық артерияларға стент салу шараларының 2000-нан аса түрін жасады. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы қалалық клиникалық аурухананың рентгендік-эндоваскуляциялық хирургия бөлімшесін басқарады.

 

Запись опубликована в рубрике Кардиохирургия курсы, Кафедра туралы. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.